Нигерияның солтүстік-шығысындағы шабуылда кемінде 17 полиция қызметкері қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM - Осы айдың басында Нигерияның солтүстік-шығысындағы Йобе штатындағы әскери оқу орталығына күдікті террористердің шабуылы кезінде кемінде 17 полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Фото: Sunday Alamba / AP / ТАСС

Полиция өкілі Энтони Пласидтің айтуынша, 8 мамырда шабуылдаушылар Йобе штатының Гуджба жергілікті басқару аймағындағы Буни Ядидегі Нигерия армиясының арнайы күштерінің оқу мектебіне шабуыл жасаған.

Пласидтің айтуынша, шабуыл нысанда арнайы операциялар бойынша дайындықтан өтіп жатқан полиция қызметкерлеріне бағытталған. Ол оқиға кезінде Нигерия армиясының бірнеше қызметкері де қаза тапқанын қосты.

Бұған дейін Нигерияның Йобе штатындағы Джилли ауылында базар маңына жасалған әуе соққысы салдарынан ондаған адам қаза тапқанын жазған едік.