Никарагуа ФАО-дан шығатынын жариялады

Никарагуа билігі БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бағдарламасынан (ФАО) шығатынын мәлімдеп, 2024 жылғы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі туралы ФАО баяндамасының тұжырымдарымен келіспеуіне байланысты елдегі өкілдігі мен кеңселерін жабуды талап етті, деп жазады ТАСС.

Фото: freepik.com

Бұл туралы Никарагуа Сыртқы істер министрі Вальдрак Джентскенің БҰҰ-ның аталмыш ұйымының бас директорына жолдаған хатында айтылған.

Никарагуа үкіметі «Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі және тамақтану жағдайы – 2024» баяндамасымен танысты делінген El 19 digital порталы жариялаған құжатта.

- Біз оны объективтіліктің болмауы, әдістемелік дәлдікке сай келмеуі, жалған ақпараттың қамтылуы және араласуға бағытталған агрессивті ұстанымы үшін қабылдамаймыз, – делінген хатта.

Сонымен қатар есеп «қасақана саяси мақсатта таратылған» деп көрсетілген.

- ФАО-ның бұл ұстанымы қолайсыз, жол беруге болмайды және құрметсіздік болып табылады. Осыған байланысты біз Никарагуаның бұл ұйымнан шығатынын хабарлаймыз және оның елдегі өкілдігі мен кеңселерін дереу жабуды талап етеміз, - деп баса айтылған құжатта.

Хатта сондай-ақ ФАО баяндамасында Никарагуа туралы жарияланған ақпарат пен деректер Орталық Америка елінің мекемелерімен келісілмеген, рұқсат етілмеген және Никарагуа Республикасы үкіметі тарапынан расталмаған деп көрсетілген.

- Мұндай әрекеттер жалған қорытындылар жасауға, теріс ақпарат таратуға және нәтижесінде Никарагуа үкіметі мен оның кедейлікке қарсы күрес, адам дамуы және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы саясатын қаралауға алып келді, - делінген құжатта.