Никита Кислицынның Қазақстанда ұсталуы: Ресей азаматы қай елге экстрадицияланады
«Бұл оқиға жақында ғана болды. Осы ретте АҚШ юрисдикциясы сұрау жіберді. Мәліметтер базасы мен Интерпол арқылы жүйеге тиісті белгі қойылып, аталған адам ұсталды», - деді Ұлан Байжанов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, енді қамауға алу туралы өтінішті жіберген елге күдіктіге тағылған айыптың мән-жайын түсіндірткізу үшін Қазақстан жағы тиісті сауал жолдайды.
«Содан кейін тиісті сараптама жасап, бұл құқық бұзу дерегі елімізде қаншалықты қылмыс саналатынын талдаймыз. Яғни бұл іс жан-жақты зерттеледі. Осыдан кейін ғана күдіктіні экстрадициялау немесе бермеу жөнінде бір шешімге келеміз», - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.
Мұнымен қоса Ұлан Байжанов Ресей жағының да аталған адамды өздеріне қайтару туралы өтінішіне пікір білдірді.
«Егер Мәскеу оны қайтарғысы келсе, олар да күдіктінің ісіне дәлел ұсынуға тиіс. Егер ол Ресей азаматы ретінде өз еліне барғысы келсе, онда жан-жақты пысықтап, шешім қабылдаймыз. Дәл қазір қандай шешімге келетінімізді әзірге айта алмаймын», - деді ол.
Бұған дейін ресейлік БАҚ ІТ саласының маманы Никита Кислицынге іздеу жарияланғанын хабарлаған еді.