Никол Пашинян қайтадан Армения премьер-министрі болып тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Армения президенті Ваагн Хачатурянның жарлығымен Никол Пашинян елдің премьер-министрі қызметіне қайта тағайындалды. Бұл туралы «Арменпресс» хабарлады.

Фото: Арменпресс

Президенттің ресми сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, шешім Армения Конституциясының 149-бабының 1-бөлігіне негізделген.

— Конституцияның 149-бабының 1-бөлігіне сәйкес Никол Пашинян премьер-министр болып тағайындалсын, — делінген жарлықта.

Бұған дейін, 2 тамызда Арменияда 7 маусымда өткен парламент сайлауының қорытындысы бойынша жасақталған Ұлттық жиналыстың алғашқы отырысы басталған болатын. Конституцияға сәйкес, жаңа парламенттің алғашқы сессиясы өткен күні ел үкіметі отставкаға кетуге тиіс.

Осыған байланысты Никол Пашинян президентке үкіметтің отставкасы туралы өтініш жолдады. Ваагн Хачатурян отставканы қабылдады.

Парламенттегі басымдыққа ие «Азаматтық келісім» партиясы премьер-министр қызметіне қайтадан Никол Пашинянның кандидатурасын ұсынды. Конституция талаптарына сәйкес президент аталған кандидатураны бекітті.