АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 сәуірде Астана қаласында әйелдер күресінен Азия чемпионатының екінші ойын күнінде Нилуфар Раимова (57 келі) қола алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол 3-орын үшін сайыста қырғызстандық Бермет Нуридинқызымен кездесті. Белдесу барысында қазақстандық балуан жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, бүгін ел құрамасынан Жәмила Бақбергенова (72 келі) жапониялық Сумире Никурамен алтын жүлдені сарапқа салады.
Ал Альбина Қайыргелдинова (65 келі) қола жүлдеге таласады. Қарсыласы - үндістандық Маниша Маниша.
Еске салсақ, әйелдер күресінен жарыстың алғашқы күнінде ел құрамасынан Эльмира Сыздықова (76 келі) чемпион атанса, Марина Седнева (55 келі), Елена Шалыгина қола алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.