Ninety One-ның тағы бір концерті өтпейтін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда төрт жігіттен құралған Ninety One тобының Өскемен қаласына жоспарлаған концерті өтпейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, Өскемен қаласында өтеді деп жоспарланған концертіміз ұйымдастырушылардың жұмысқа деген немқұрайлығы мен кәсіби деңгей таныта алмауына байланысты, өтпейтін болды»,-деп жазған топ әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына.

Концерттің сатылған билеттері кері қайтарылады.

Айта кетейік, Корея елінде таралған поп-стильде ән шырқайтын Ninety One тобын Қазақстанда көп адам қабылдай алмаған еді. Бұған дейін топтың бірнеше қаладағы концерті өтпей қалған. Себебі, сол қаладағы белсенділер билік өкілдеріне хат жазып, топтың киіну, бояну стилі қазақ жігіттеріне тән емес деген ойды алға тартқан болатын. Кейін, топ продюсері Ерболат Беделхан жігіттер шашын қайтадан қара түске бояп, сахнаға шықты деп хабарлаған. Және де топты ешқандай шетелдік азамат қаржыландырып отырмағанын атап өткен еді.