2 жыл бұрын пайда болған топ эстрадада біраз дау туғызды. Қала берді тыңдарман арасында да жік пайда болды. Біреулер боянып, шашын бояп алған жігіттерді «қызтеке» десе, біреулер заманауи, өз дара жолын салғысы келген әншілер деп бағалады.
Топтың алғашқы гастрольдік сапары сәтсіз болды. Қазақстанның 16 өңірінің 9-ында концертін болдырмай тастады. 4 әнші мен продюсерге қарсы кампания пайда болды.
Көрермендердің көпшілігі беті мен шашын бояп алған жігіттердің «қызтекеге» ұқсайтын сахналық образын сынады.
«Жігіттер жаңа Q-pop немесе Qazaq-pop жанрында жұмыс жасап жатыр. Музыкада поп, электронды музыка мен блюзді біріктіреді. Бұл Кореядағы k-pop жанрына ұқсас. Бірақ айырмашылығы біздің жігіттер тек қана қазақ тілінде ән айтады. Болашақта бәрі өзгеруі мүмкін. Талант пен шығармашылықта шек жоқ», - деді топ продюсері, «Орда» тобының мүшесі Ерболат Беделхан.
Тосқауыл қоюшылар көп болған соң музыканттарға үзіліс алуға тура келді.
Алайда, өткен жылы олар күтпеген жерден еш бояусыз «Алматы Арена» сахнасында шықты.
Содан бері NinetyOne тобының концерттері жалғасып келеді.
«Мүмкін осылай көлеңкеге кеткеніміз де дұрыс болған шығар. Сол жарты жылда көп ән жаздық. Шығармашылықпен айналыстық. Қиын болды, бірақ қазір аяқтан тұрып келеміз. Біздің басты айтпақ ойымыз мәселе сыртқы бейнеде емес, біз ешкімге үлгі болып жатқан жоқпыз. Бірақ, жастар бізді көріп ешқашан кейін шегінбеу керектігін түсінсе екен», - деді топ мүшесі ZAQ (Дулат Мұхаметқалиев)
Топ шығармашылығының қоғамда сонша кереғар пікір туғызатынын топ басшысы өзі де тұспалдаған.
«Жаңа нәрсе туған кезде, ескілік жойылғанда үнемі қарсылық болады. Мен жас кезімде Майкл Джексон, Стиви Уандер, Backstreetboys тобының шығармашылығын тыңдайтынмын. Маған ешкім тыйым салған жоқ. Сонда да олардың альбомын сатып алу өте қиын болатын. Қазіргі таңда Қазақстанда стадион жинайтын әртістер санаулы-ақ. Мен тек қана әнші емес, контент қалыптастыратын әртіс дайындап жатырмын. Бас кезіндегі мақсат сол болатын»,- деді Ерболат Беделхан.
Ұжымның фанаттары да аз емес. Олар өздерін Eaglez деп атайды.
Публикаға шыққанда үнемі қиқу, айқай-шу.
Көбіне полиция қызметкерлерінің көмегі қажет болады.
NinetyOne тобының қым-қуыт өмірі туралы фильмді Асқар Ұзабаев түсірген. Ондағы екі сценадан басқасының бәрі шынайы болған оқиғаға негізделген. Фильм бюджеті 100 мың доллардан асады.
Кинокартина Қазақстандағы 70 кинотеатрдың 68-інде көрсетіледі.
«Біздің өз тыңдарманымыз бар. Жазда турға шығамыз. Бізге бұрын қарсы болғандар енді түсінікпен қарай бастағанын аңғарамыз. Өйткені, біз жасайтын контент - сапалы. Сол үшін де NinetyOne тобы тойларға бармайды. Ондай жерде адам музыка тыңдамайды»,- деді Ерболат Беделхан.
Жақында топ мүшелерінің бірінің ата-анасы белгілі әнші Сәкен Майғазиевке ашық хат жолдады. Өз хатында Әлия Қадырова ұлының сахналық имиджінен бөлек алған тәлім-тәрбиесіне тиіспеуді сұрады.