Нипах вирусына байланысты Қазақстанда санитариялық қауіпсіздік шаралары күшейді

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінде Нипах вирусына қатысты эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пунктінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, аталған инфекция бойынша қолайсыз елдерден, оның ішінде Үндістаннан келетін азаматтарға ерекше назар аударылып отыр. Мұндай елдердің тізімі тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Халықаралық әуежайларда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға арналған ведомствоаралық оқу-жаттығулар өткізіліп жатыр. Медициналық ұйымдар жоғары дайындық режиміне көшірілді.

Сондай-ақ дәрілік заттардың, жеке қорғаныс құралдарының және дезинфекциялау препараттарының жеткілікті қоры қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар министрлік вакцинация індеттің алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі болып қала беретінін еске салды. Осыған байланысты ата-аналарға ұлттық күнтізбеге сәйкес балалардың профилактикалық екпелерінің болуын тексеру және қажет болған жағдайда тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгіну ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Үндістанда жүрген қазақстандық туристерге Нипах вирусын жұқтыру жағдайларының тіркелуіне байланысты арнайы ұсынымдар жариялаған болатын.