АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан құрамасы нысана көздеуден Мысыр астанасы Каирде өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы медаліне қол жеткізді.
Дүбірлі додада әйелдер құрамасы үшінші орынға ие болды.Ел құрамасында Александра Ле, Арина Малиновская және Елизавета Безрукова 50 метрге үш қалыпта ату бағдарламасында үшінші нәтиже көрсетті.
Алтын медаль Қытай құрамасына бұйырса, күміс жүлдені Швейцария еншіледі.
Биыл 54-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан жаһандық додаға 73 елден 700-ден астам спортшы келді. Қазақстаннан 15 спортшыны қостық. Олардың арасында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Ислам Сәтпаев, Александра Ле бар.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері әОльга Довгунның айтуынша, 2026 жылы Қатарда болатын әлем чемпионатында Лос-Анджелес Олимпиадасына лицензиялық ұпай үлестіріледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын Ислам Сәтпаев Азия чемпионатында нысана көздеуден алтын жүлде алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.