НКОК консорциумы 200 млн. теңге көмек береді
08:36, 06 Сәуір 2012
АТЫРАУ. 6 сәуір. ҚазАқпарат - 2012 жылы Атырау облысындағы Қашаған кен орнын игеруге қатысып жатқан «Норт Каспиан Оперейтинг компании Б.В.» (НКОК) консорциумы демеушілік және қайырымдылық көмек үшін 200 млн. теңгеден астам қаржы бөлді.
НКОК компаниясы баспасөз қызметінің өкілі Зарина Айсенғалиеваның айтуынша, бұл қаражат білім, мәдениет, спорт саларына қолдау көрсетуге, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге арналған.
Ақпарат Атырау облысының мүгедектері мен соғыс ардагерлеріне 570 азық-түлік купондарын тапсыру рәсімінде жарияланды. 7500-нан 9000-ға дейінгі сомаға азық-түлік сатып алуға болатын купондар Атырау және Мақат ауданының тұрғындарына тапсырылды.
2011 жылы НКОК компаниясы, «Аджип ККО» агент компаниясымен бірге Атырау және Маңғыстау облыстарындағы демеушілік көмек көрсету аясындағы 104 жобаның іске асырылуына қатысты.