Нобель лауреаты Джеффри Хинтон: адамзат жасанды интеллектіні бақылаудан шығарып алуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джеффри Хинтон адамзаттың жасанды интеллекті толық бақылаудан шығарып алмау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға бір-ақ жылы қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Фото: Анадолы

Ғалымның айтуынша, қажетті шаралар қабылданбаса, жасанды интеллект адам бақылауынан шығуы ықтимал.

NBC телеарнасының хабарлауынша, Хинтон АҚШ сенаторы, Вермонт штатының өкілі Берни Сандерстің шақыруымен Конгресс мүшелеріне жасанды интеллекттің дамуы жөнінде баяндама жасаған.

Ғалымның пікірінше, адамзат жасанды интеллектіні толық бақылаудан айырылып қалмау үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауды дәл қазір бастауы керек. Оның айтуынша, бұған небәрі бір жылдай уақыт қалуы мүмкін.

Бұған дейін жасанды интеллекттен әлдеқайда ақылды суперинтеллектінің пайда болуы 30–50 жылдан кейін орын алады деген болжамдар айтылған.

— Кейін бұл болжамдар 10, тіпті 20 жылға дейін қысқарды. Ал қазір көптеген адам мен зерттеуші оның пайда болуына бірнеше жыл ғана қалғанын айтады. Бұл бір жылдан кейін де болуы мүмкін, бірақ одан көп уақытқа созылмауы ықтимал, — деді Хинтон.

Ғалымның айтуынша, жасанды интеллект қазірдің өзінде «одан да жетілдірілген ЖИ жүйелерін жобалай алатын» деңгейге жетті.

— Бұл өзін-өзі жетілдіру деп аталады. Егер біз ешқандай шара қолданбасақ, жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Біз бұл процесті баяулатуымыз керек, — деді ол.

Жасанды интеллекті бақылада болуы тиіс

АҚШ Өкілдер палатасының Демократиялық партиядан сайланған мүшесі Тед Лью де жасанды интеллектінің дамуына қатысты алаңдаушылық білдірді.

— Бұл — ғылыми фантастикадағы сценарийге ұқсайтын, ақылға сыймайтындай көрінгенімен, шындыққа өте жақын тұрған жағдай. Ең бастысы, жасанды интеллектіні адам бақылауы тиіс. Керісінше болмауы керек, — деді ол.

Ал сенатор Берни Сандерс адамзаттың болашағына және адамдар бақылау жасай алмайтын технологияның пайда болуына қатысты алаңдаушылықтың артып келе жатқанын айтты.

— Конгресс мүшелерінің арасында бұл мәселені шұғыл түрде қарау қажет деген түсінік күшейіп келеді, — деді Сандерс.

Айта кетейік, бұған дейін жасанды интеллект «ұрпағына» адамға бағынбауды өсиет ете бастағанын жазған едік.