Нобель сыйлығының иегері Рамсделл жүлде алғанын табиғат аясында жүріп білді
АСТАНА.KAZINFORM — Нобель комитетінің хатшысы Томас Перлман 7 қазан күні Мэри Бранков пен Шимон Сакагучимен бірге физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған Фред Рамсделлдің ақыры байланысқа шыққанын айтты, деп хабарлайды DW.
6 қазан күні марапат жарияланған кезде америкалық ғалымның интернетке кіру мүмкіндігі болмаған.
Рамсделл әйелімен жабайы табиғат аясында серуендеп жүрген. Олар қонақүйлеріне қайтып келе жатып, бірдеңені жөндеуге тоқтады. Әйелі ұялы телефонын қосып, хабарламаларды көрді.
— Олар әлі жабайы табиғат аясында жүр еді, ал ол жерде аюлар көп. Сондықтан әйелі шыңғырғанда Рамсделл аю кеп қалған екен деп шошып кетті. Алайда, ол Нобель сыйлығы туралы қуанышты хабарды естіген еді. Ол қуаныштан толқып кетті, өйткені бұл сыйлықты мүлде күткен жоқ, — деді Перлман.
Бұған дейін Рамсделлдің әріптесі Нобель комитеті онымен байланыса алмағанын, өйткені 64 жастағы лауреат өркениеттен шалғай, байланыс аясынан тыс жердегі табиғат аясында уақыт өткізіп жүргенін айтқан.
Стокгольмде Мэри Бранковпен де бірден байланыс орнату мүмкін болмады: ол бейтаныс нөмірден қоңырау шалғанда, оны спам деп есептеп, жауап бермеген. Ол сыйлық туралы үйіне келген AP фотографынан білді.
«Мен Мэриге оның Нобель сыйлығын алғанын айтқанымда, ол „қайдағыны айтпа“ деді, — деді Бранковтың күйеуі.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы иммунитетті зерттегені үшін Мэри Э.Брунков (Жүйелік биология институты, Сиэтл), Фред Рамсделл (Паркер ісік иммунотерапиясы институты, Сан-Франциско) және Осака университетінің профессоры Шимон Сакагучиге берілді.
Алайда физиология және медицина бойынша Нобель комитеті лауреат Фред Рамсделлмен байланыса алмаған еді.