Ноғаев Атыраудың алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаладағы «Атырау Жылу электр орталығында» болып, ондағы жұмыс жүйесімен таныстып, кәсіпорынның 2017-2018 жылдың жылыту маусымына дайындығын пысықтады.

«Атырау Жылу электр орталығы» АҚ - Атырау қаласындағы басты электр өндіруші кәсіпорын. Тек электр жарығын өндіріп қана қоймай, Атырау халқын жылумен қамтамасыз етіп келеді.

Іс-сапар барысында Нұрлан Ноғаев мекемедегі жұмысшылардың да еңбек жағдайына да назар аударды. Аталған мекемеде қазір 1 200-ге тарта жұмысшы еңбек етіп келеді. Олардың орташа жалақысы 160 мың теңге. Қызметкерлердің арасында кәсіпорынның жұмысымен елу жылдан аса уақыт таныс, тәжірибелі мамандар да бар. Олар жұмыс жүйесінің жылдан-жылға автоматтандырылып, жаңарып келе жатқандығын айтады.

Сонымен қатар, комиссия мүшелері бірқатар маңызды мәселерді талқылады. Соның бірі Балықшы ықшам ауданындағы жылу қазандығының жұмысы. Қала әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметіне сүйенсек, аталған ықшам аудандағы қазандықтың жұмысы өткен жылыту маусымында үлкен қиындықтар тудырған.

Комиссия мүшесі, қала әкімі Серік Шәпкенов Балықшы ықшам ауданын орталық жылу жүйесіне қосу жөнінде үш сатыдан тұратын жоба жасақталып жатқандығын хабарлады.

«Бұл жоба 2018-2019 жылғы жылыту маусымында іске қосылады.  Балықшы ықшам ауданындағы жылу қазандығы жылыту пункті болып қайта жаңартылады. Ол жерге жылу жүйесінің барлығы «Атырау Жылу электр орталығы» арқылы баратын болады», - деді С.Шәпкенов.