Нокаутқа жіберді: Сағындық Тоғамбай Азиаданың жартылай финалына шықты

Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Сағындық Тоғамбай жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Нұрғали Жұмағазы, ҚБФ

Қазақстандық боксшы 92 келіге дейінгі салмақта ирандық Туфан Шарифимен жұдырықтасты.

Сағындық қарсыласын бірінші раундта-ақ ұрып құлатып, жартылай финалға жолдама алды. Осылайша, ол қазіргі сәттегі нәтижесімен кем дегенде қола медаль алады.

Бүгін күндізгі сессияда рингке шыққан екі босшымыз жеңіліп қалды.

Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 50 келіге дейінгі салмақта ширек финалда күтпеген жерден моңғолиялық Есугэн Оюунцэцэгке жол берді. Сөйтіп Назым жүлдесіз қалды.

Сондай-ақ, биылғы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта қытайлық Тоқтарбек Таңатқанға төрешілер шешімімен есе жіберді – 2:3. Биыл әлем біріншілігінің финалында Нұрбек Тоқтарбекті жеңген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия ойындарында бүгін Қазақстан құрамасынан бес боксшы шаршы алаңға шығатынын жазған болатынбыз.