Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Динар Нөкетаева Елбасы мақаласына орай осындай пікір білдірді.
«Елбасымыз мақаланың кіріспе сөзінде былай дейді: «Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». Бұл сөздер саяси реформа мен экономикалық жаңғыру еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсететін жол», - дейді ол.
Динар Нөкетаева студент жастар Елбасының осы сөздерін өздерінің алға қойған мақсаттарына кіріктіре отырып, Қазақстан Республикасының интеллектуалдық дәрежесінің жоғарлауына үлесін қосады деген сенім білдірді. Оның айтуынша, жастардың, әсіресе студент жастардың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана өлшенбейді, сонымен қатар, олардың рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты. Рухани жаңғыру әрбір жеке тұлға үшін оның тәрбиесі, ұлттық сана-сезімі, ұлттық рухани тамырынан нәр алған құндылықтары мен оның жаһандық өзгерістерді дұрыс бойына сіңіруі.
«Мен университетіміздің студент жастарының бәсекеге қабілетті маман болатындығына кәміл сенімдемін. Бәсекеге қабілетті деп қазіргі қазақ қоғамында мәдени құндылықтарды бойына сіңірген, үш тілді жетік білуге ұмтылған және жаңа әдістер мен технологияға толеранттылықты сақтай алатын тұлғаларды айта аламыз. Осындай жеке қасиеттер мен құндылықтарды бойына сіңіру үдерісіндегі біздің студент жастар еліміздің бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеруі тиіс», - деді ол.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Қазақстан Республикасының болашақ бағдары оң болуы үшін Елбасымыз «прагматизм» сөзіне көңіл бөлуді ұсынғанына ерекше тоқталып өтті. Мақалада Елбасы «Прагматизм - өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деп түсіндіреді.
«Елбасының осы сөздерін толық қолдай отырып, мен рухани мәдениетінің дамуы үшін, еліміздің экономикасының өсуі үшін қазіргі кезде адам құндылақтарының кемелденуі мен өзінің кәсіби қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыруы, сонымен бірге, жеке тұлғаның ұлттық байлықты ескере отырып өздігінен кемелденіп дамуы әсер етуші ең маңызды фактор деп сенемін. Қазақстандық жастарға тілегім Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуына бағыт беретін сөздеріне құлақ асып, жұмыла қызмет етейік», - деп түйіндеді Д. Нөкетаева.