«Nokia» Финляндиядағы жүзден астам қызметкерін жұмыстан шығарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Nokia компаниясы француздық-америкалық Alcatel-Lucent-ті сатып алған соң, Финляндиядағы жүзден астам қызметкерін қысқартатынын хабарлады, деп жазады РБК.

Фин компаниясы шығындарды қысқарту бағдарламасын сәуір айында іске қосқан. Оның мақсаты - 2018 жылға қарай шығындарды 900 млн. еуроға (1 млрд. доллар) төмендету. Компания басқа елдердегі шығындарын қаншаға қысқартатынын хабарлаған жоқ, алайда 30-ға жуық елдегі қызметкерлерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізіп отырғанын жеткізді.

Жалпы алғанда, Nokia компаниясының әлем бойынша 104 мыңға жуық қызметкері бар. Атап айтқанда Финляндияда 6,8 мың адам, Германияда - 4,8 мың адам және Францияда - 4,2 мың адам компанияға қызмет етеді.