Жарыстың финалдық сатысында елордалық команда «Кардифф Девилз» (Уэльс), «Катовице» (Польша) мен «Хернинг Блю Фокс» (Дании) клубтарымен ойнайды.
Ойындар 2024 жылдың 12-14 қаңтар аралығында болады.
Жарыстың финалдық сатысы Уэльс астанасы Кардифф қаласындағы 3 мың жанкүйерге арналған «Виндико» аренасында өткізіледі.
Айта кетсек, «Номад» өз тарихында екінші мәрте жарыстың аталған сатысында бақ сынауға мүмкіндік алып отыр.
Бұдан бұрын қазақстандық команда Латвияның «Земгалесін» 4:1, Уэльстің «Кардифф Девилзін» 5:4, Францияның «Греноблін» 2:0 есебімен жеңіп, Е тобында бірінші орын алды.
Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.
Әртүрлі жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.