«Номад» шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Елордалық «Номад» шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.
Астаналық хоккейшілер финалда Қарағандының «Сарыарқа» командасымен шеберлік байқасты.
Екі команда арасындағы ойындар сериясы бес ойынға созылды. Өз кезегінде «Номад» қарсыласынан 4 (овертаймда 5:4, 3:2, 5:2, 5:1), «Сарыарқа» 1 (7:1) мәрте басым түсті.
Осылайша елордалық клуб биылғы жылғы жеңімпаз атанды.
Енді чемпионаттың қола жүлдегері «Торпедо» (Өскемен) - «Құлагер» (Петропавл) командалары арасында анықталады. Қазір ойындар сериясында петропавлдық клуб 3:2 есебімен алда келеді.
Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін «Торпедо» - 13, «Бейбарыс», «Сарыарқа», «Арлан» - 3, астаналық «Барыс» пен «Номад» - 2, сәтпаевтық «Қазақмыс» пен теміртаулық «Болат» - 1 мәртеден чемпиондық атаққа қол жеткізді.
«Сарыарқа» соңғы рет 2022 жылы жеңімпаз атанса, «Номад» 2023 жылы осындай жеңіс тұғырына көтерілді.