Номофобия немесе телефонсыз қалудан қорқу дертінен қалай арылу керек
АСТАНА. KAZINFORM - Уақытының көбін адамдармен тікелей қарым-қатынасқа емес, әлеуметтік желілер мен ойындарға арнайтындар бірте-бірте «экранға тәуелділік» атты рухани дертке ұшырағанын байқамай да қалады. Ұйқыдан тұра салып телефонға үңілу, ас ішіп отырғанда, сабақ үстінде, тіпті біреумен сөйлесіп отырған сәттің өзінде де экранға қайта-қайта көз тастау - осы дерттің белгілері саналады. Егер өзіңізден немесе бала-шағаңыздан осындай әдет байқасаңыз, онда жаңа технологияларды қолдану мәдениеті бойынша арнайы білім алатын кез келгені. Осы тақырып аясында зерттеу жасап, семинарлар өткізіп жүрген отбасы және бала тәрбиесі жөніндегі маман, «Жұбайлар құпиясы», «Дәстүріңді қадірле», «Абай қазынасы», «Балаңызды гаджеттен қорғаңыз» кітаптарының авторы Қазим Мұстахимұлымен сұхбаттасқан едік.
- Қазим Мұстахимұлы, экранға тәуелділік қаншалықты маңызды мәселе?
- ХХІ ғасыр дерті деп аталатын номофобия, яғни телефонсыз қалудан қорқу – соңғы жылдары кең тараған психологиялық құбылыс. Қазірдің өзінде АҚШ тұрғындарының 68 пайызы номофоб саналады. Бір зерттеуде 2100 британдық жасөспірімге сауалнама жүргізілгенде, олардың 58 пайызы телефонын жоғалтудан немесе желіден тыс қалудан қатты күйзеліске түсетіні анықталған.
Кез келген нәрсенің пайдалы және зиянды жағы қатар жүреді. Қолымыздағы «ақылды» телефон да дәл солай. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда, әсіресе жастар арасында бұл құрылғыны шектен тыс, қадағалаусыз және мағынасыз пайдалану белең алған. Бұл – уақыттың босқа кетуіне, денсаулықтың нашарлауына, демалыстың сапасыз болуына және отбасылық қатынастардың әлсіреуіне себеп. Біздің мақсат – телефонды мүлде қолданбау емес, оны дұрыс, пайдалы әрі өлшеммен пайдалану мәдениетін қалыптастыру.
- Қазіргі ата-аналардың цифрлық сауаттылығы туралы не айтасыз? Олар қандай қателіктерге жиі жол береді?
- Цифрлық сауаттылық дегеніміз - тек құрылғыларды қолдана білу емес. Бұрын бұл ұғым компьютерді меңгеру, файлдарды сақтау, вирустардан қорғау сияқты мағыналармен шектелетін. Ал қазіргі таңда ол — әлдеқайда кең, мазмұны терең түсінік. Мұнда экранды тиімді әрі мақсатты қолдану, жеке мәліметтердің қауіпсіздігі, балалардың ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін дамыту сияқты мәселелер кіреді.
Көптеген ата-ана балаларына смартфон не планшет беріп қояды да, одан әрі не болып жатқанын қадағаламайды. Баланың сол құрылғы арқылы қандай ақпарат тұтынып жатқаны, оның психологиясы мен дамуына қалай әсер ететіні көбіне назардан тыс қалып жатады.
- «Ақпараттық иммунитет» деген ұғымды қолданасыз. Бұл не және оны бала тәрбиесінде қалай дамытуға болады?
- Ақпараттық иммунитет - өте маңызды ұғым. Адам ағзасы сияқты, сана да өзін шектен тыс зиянды ақпараттық вирустардан қорғай білуі керек. Интернеттегі миллиондаған ақпараттың бәрін сіңіру мүмкін емес. Сондықтан балаға экранды мүлде алып қоюдан бұрын, оны дұрыс және пайдалы қолдануды үйрету қажет.
Мысалы, бала телефон сұрады делік. Ата-ана оған нақты уақыт, мақсат пен шекара белгілеп беруі керек. Сонымен қатар, бала қандай контент көріп отырғанын қадағалау, түсіндіру, пікір айту – өте маңызды. «Бұл ойын сенің жасыңа арналмаған», «Бұл мультфильм біздің ұлттық құндылықтарға қайшы», «Мынаны көруге болады, ал ананы әзірге көрмегенің дұрыс» деген секілді нақты ескертулер керек.
- Бала тілінің кеш шығуының телефонға көп қараумен қатысы бар ма?
- Иә, балалар тілінің кеш шығуының телефон, планшет, теледидар сияқты экранды құрылғыларды шамадан тыс қолданумен тікелей байланысы бар екені көптеген ғылыми зерттеумен дәлелденген. Мұны мамандар «экранға тәуелділік синдромы» немесе «цифрлық дамудағы тежеліс» деп атап жүр. Экранға ұзақ қарау баланың ересектермен, соның ішінде отбасы мүшелерімен тікелей қарым-қатынасын азайтады. Тіл дамуы үшін баланың үлкендермен тікелей сөйлеуі, жауап алмасуы, мимика мен ым-ишараны көруі маңызды. Телефонға телмірген бала бұл мүмкіндіктен айырылады. Түрлі жарқ-жұрқ, жылдам ауысатын көріністер мен дыбыстар бала миын шаршатады, шоғырлану мен сөйлеуге жауапты жүйке байланыстары әлсірейді.
- Ата-аналарға берер ең басты кеңесіңіз қандай?
- Бала тәрбиесінде ешқашан кешігуге болмайды. Қазірден бастап нақты шешім қабылдап, оны іске асыру қажет. Ең бастысы – ата-ана бір келісімде болуы керек. Мысалы, отбасында ереже енгізу: Ұйықтардан бір сағат бұрын барлық гаджеттерді өшіру; Сағат 20:00-ден кейін экран пайдаланбау; Дастархан басында және жатын бөлмеде телефон қолданбау; Үй ішінде тек оффлайн қарым-қатынасқа басымдық беру.
– Қазір жасанды интеллекті меңгерудің маңыздылығы басым. Осы тұста «алтын аралықты» қалай ұстау керек?
- Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, халық тығыз орналасқан ірі қалаларда күніне 5 сағат экран қолдану қалыпты саналуы мүмкін. Алайда 8 сағаттан асқан жағдайда ол адамның денсаулығына және психологиялық жағдайына кері әсер етеді.
Балалар үшін ұсынылатын уақыт мөлшері: 0–3 жас - экранға мүлде жол жоқ; 3–6 жас - күніне 40 минуттан аспауы тиіс, жеке гаджет болмауы керек; 6–9 жас - күніне 1 сағат; 9–12 жас - күніне 2 сағат, ата-ананың бақылауымен жеке гаджет рұқсат. Жатын бөлмеге электронды құрылғыларды кіргізбеу ұсынылады. Сонымен қатар, ұйқы алдында 1 сағат бұрын барлық электрониканы өшіру - маңызды әдеттердің бірі.
Цифрлық технологиялар дәуірінде дүниеге келген альфа ұрпақтың бос уақытты өткізу әдеттері де ерекше сипатқа ие. Маман пікірінше, бұл буынды тәрбиелеуде түсіністік пен дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды.