Норовирус індеті: Еуропада тағы бір круиздік кеме оқшауланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бортында 1700 адам бар «Ambition» туристік кемесі оқшауланып, Францияның Бордо портына байланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі.

Фото: The Insider

Бұл жағдай кемедегі бір жолаушының норовирусқа шалдықты деген күдікке ілініп қайтыс болған соң туындады.

Француз билігі Ambition круиздік кемесінің (Ambassador Cruise Line компаниясы) бортына карантин енгізді. Бортта шамамен 1700 адам бар — 1233 жолаушы және 514 экипаж мүшесі. 

Сақтық шараларына 90 жастағы британдық жолаушының қайтыс болуы себеп болды. Одан алдын ала шамаланғандай норовирустан туындаған гастроэнтерит белгілері байқалған. Жергілікті билік пен БАҚ мәліметінше, шамамен 50 жолаушы мен экипаж мүшесінде ұқсас белгілер — құсу және диарея болды.

Кеме Бордоға 6 мамырда Шетланд аралдарында басталған сапардан кейін сейсенбі, 12 мамырда келді. Кеме Францияның Ливерпуль, Белфаст және Брест қалаларына тоқтады. Жолаушыларының көпшілігі — Ұлыбритания мен Ирландия азаматтары. Бордодан кейін кеме Испанияға жүзуді жоспарлаған.

Францияның санитарлық қызметтері қосымша тексеру жүргізіп жатыр. Аmbassador Cruise Line бортта гигиеналық хаттамаларды күшейтті. 

Қазіргі уақытта тексеру қорытындылары алынғанша жолаушыларды кемеден түсіру тоқтатылды.

Норовирус («асқазан тұмауы» деп аталады) өте жұқпалы және көбінесе круиздік кемелерде тығыз байланыста болу және ортақ тамақтану орындарына байланысты індет тудырады. Денсаулығы нашар егде жастағы адамдар үшін инфекция елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Бұл 2026 жылы круиздік кемелерде болған алғашқы осындай оқиға емес. Бұрын круиздік кемелерде басқа да індеттер туралы хабарланған болатын.

Бұған дейін Аргентинадан Кабо-Вердеге жүзген тағы бір круиздік кеме MV Hondius бортында хантавирус індеті анықталған болатын. Инфекциядан үш жолаушы қайтыс болды.

10 мамырда кеме Тенерифеге жетті, кеме байланған соң кейбір жолаушылар бірден эвакуацияланды. Содан кейін кеме бортында экипаждың 25 мүшесі, дәрігер және медбикемен бірге Нидерландқа бет алды. Кеме Нидерландқа 17 мамырға дейін жүзіп келеді деп күтіліп отыр. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жасұлан Алпысбаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында хантавирустың қауіптілігі мен одан сақтанудың тиімді жолдары туралы егжей-тегжейлі айтып берді