Монарх вирустық ауруды жұқтырған, бірақ қаншалықты дәрежеде науқас екендігі туралы ақпарат берілмеді.
«Әкем вирустық ауруды жұқтырып алды, бірақ өзін жақсы сезінеді, біз оның Рождествоға қарай жұмысына қайта кірісетініне сенеміз», - деді Хокон ханзада.
Норвег монархы өткен аптада болған Үкімет отырысына қатыспады. Ол Үкіметтің жаңа мүшелерінен ант қабылдауы керек еді. Патша міндеттерін регент ретінде Хокон ханзада орындады. Сонымен қатар, 82 жастағы монарх биыл Үкіметтің қорытынды отырысына қатыспайды, оның міндеттерін мұрагер ханзада орындайды деген қауесет тарады.
Хокон әкесінің атынан бірінші рет шығып тұрған жоқ. 2003 жылы корольде қуықтың қатерлі ісігі анықталып, кейінірек ол емделіп шыққан. Бір жылдан кейін ақ халаттылар норвег монархына екі рет ота жасап, жүрек клапанын ауыстырды. 2017 жылы Харальд инфекциямен ауруханаға жатқызылып, бір аптаның ішінде қатарға қайта қосылды. Былтыр сәуірде әкесінің аяғы ауырғанына байланысты Хокон тағы да регент қызметіне кірісті.
Биыл күзде патша дәстүр бойынша парламенттік маусымды ашарда Стортинг мәжіліс залына бұрынғыдай баспалдақпен емес, лифтімен көтерілген, бұған жергілікті шолушылар алаңдап қалды.
Дегенмен, Харальд патша өкімет билігінен бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Норвег монархы біраз жасқа келіп қалғанымен салауатты өмір салтын ұстанады. Ол желкен қайық спортымен кәсіби түрде айналысқан. 1964, 1968 және 1972 жылдардағы Олимпиада ойындарында үш рет елінің намысын қорғаған. Оның 1982, 1987, 1988 жылдары желкенді спорттан Еуропа чемпионаттарында иеленген қола, күміс және алтын медалі бар.
Дәстүр бойынша король отбасы рождество мерекесін резиденцияларының бірінде атап өтетін. Бірақ биылғы Рождествоны қалай тойлайтыны, сонымен қатар бұрын ол шетелде өткізуді жоспарлаған демалысы да белгісіз күйде.
Авторы Ильяс Омаров