Норвегия АҚШ-тың өз импортына енгізетін жаңа баж салығына қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Норвегия АҚШ-тың норвегиялық импортқа 12,5 пайыздық жаңа баж салығын енгізуіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Ел билігі Вашингтонның біржақты шараларын негізсіз деп атады. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Фото: АЗЕРТАДЖ

— АҚШ-тың Норвегияға және басқа елдерге біржақты тариф енгізуімен үзілді-кесілді келіспейміз. Сондай-ақ бұл жаңа тарифті енгізуге келтірілген негіздемемен де келіспейміз», — деді Норвегияның сыртқы істер министрі Эспен Барт Эйде мәлімдемесінде.

АҚШ Норвегиядан және тағы ондаған елден импортталатын тауарларға қосымша 12,5 пайыздық тариф енгізетінін жариялады. Ол мерзімі жұма күні аяқталатын 10 пайыздық жаһандық қосымша тарифтің орнына енгізіледі. Вашингтон бұл елдердің мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарларына тыйым салмағанын мәлімдеп отыр.

Норвегия тарифті негізсіз деп санайды. Эспен Барт Эйденің мәлімдемесінде мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың саудасына жол бермейтін нақты ережелер қазірдің өзінде бар екені айтылған.

Норвегия үкіметінің бағалауынша, АҚШ-тың елден импорттайтын тауарларының шамамен 67 пайызы жаңа баж салығына түседі. Қалыптасқан жағдайға байланысты кәсіподақтар, жұмыс берушілер ұйымдары мен іскерлік қауымдастықтар жақын арада арнайы кеңеске шақырылмақ.

Айта кетейік, Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарға 50 пайыздық баж салығын енгізді.