Норвегия FM радио таратудан бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Норвегия толықтай цифрлық радиотаратуға көшкен әлемдегі алғашқы ел атанады. Келесі аптада онда FM радиостансалар желісін өшіреді, деп хабарлайды onliner.by.

Парламент шешімін халықтың 17 пайызы қолдаса, 66 пайызы қарсы болып отыр, өйткені елдегі 2 миллион автомобиль цифрлық радиоқабылдағыштармен жабдықталмаған. Соның салдарынан төтенше жағдай туралы хабарды кей адамдар естімей қалуы мүмкін екен.

Соған қарамастан Норвегия үкіметі өткен ғасырдың 50-ші жылдары іске қосылған ескі форматтан бас тарту жөнінде шешім қабылдап отыр. Цифрлық станциялар көптеген арналарды тарата алады, әрі олардың аудиосигналы артық дыбыстарсыз жеткізіледі.

2020 жылдары FM таратуды Швейцария толығымен тоқтатады; Дания мен Британия да осындай жолды таңдап отыр. Британдық мамандардың есебі бойынша 2017 жылдың соңына қарай елдегі радио тыңдармандарының тең жартысынан көбі цифрлық нұсқаға көшпек.