Орталық орналасқан кеңсені аралап көрген ханзада Хокон Магнус онда қызмет істейтін мамандармен сөйлесіп, естелік суретке түсті. «Сіздердің жұмыстарыңыз жемісті болатынына менің сенімім мол. Сіздерге тек жақсылық тілеймін», деді ханзада.
Мәртебелі мейманды күтуге Шымкенттен арнайы келген жоба үйлестірушісі Ләззат Қыдырова мұндай орталықтың Алматыдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында ашылғандығын атап өтті. Оның айтуынша, жобаның негізгі мақсаты - ұзақ уақыт бойы жұмыссыз жүрген жоғары білімді маманның жұмысқа орналасуына қол ұшын беру. «Шымкенттегі орталықтың ең басты ерекшелегі, ол тек мүгедек азаматтарға ғана арналған. Қазіргі уақытта біздің бірінші тобымыз дайындығын бітіріп, оның 14-і жұмысқа орналасты. Ал ақпан айының соңында екінші тобымыз бітіріп шығады. Олардың да 80 пайызы жұмысқа шақырту алып отыр», деді ол өз сөзінде.
Айта кетейік, SYSLAB жобасы 1992 жылы Норвегияның «Хиб-Сислаб» кәсіпорынында кіші және орта бизнестің мақсаттарын біріктіру үшін құрылған. Жобаның авторы және негізін қалаушы - Берген қаласының Жоғары технологиялар орталығының директоры Ян Йохонссен. Елімізде аталған жобаның Алматы, Астана және Шымкент қалаларында орталықтары бар.