Басылымның мәліметінше, қоштасу рәсімі Ослодағы Акерсхус қамалында аяқталады. Сол жерде корольдің денесі салынған табыт жаңа саркофагқа орналастырылады. Оның сыртқы келбеті әзірше құпия сақталады және қабірге алғаш пайдаланылғаннан кейін ғана көпшілікке көрсетіледі.
Жерлеу рәсіміне шамамен 3 мың әскери қызметкер қатысады деп жоспарланып отыр. Рәсімді ұйымдастыруға Норвегия Сыртқы істер министрлігі жауапты.
Әскери қызметшілердің қатысуын Акерсхус қамалының коменданты, бригадалық генерал Гюда Эллефспласс Олссен үйлестіреді. Ол бұл қызметті 2024 жылдан бері атқарып келеді және 1653 жылы бұл лауазым енгізілгелі бері қамалдың алғашқы әйел коменданты атанды.
Болашақта дәл осы қабірге патшайым Соня да жерленеді.
Жаңа қабірді жасауға Норвегия үкіметі екі жыл бұрын 20 млн крон бөлген. Жобаны норвегиялық Snøhetta сәулет бюросы мен профессор Кьетиль Тредал Торсен әзірлеген.
Харальд V көзі тірісінде өзінің болашақ жерленетін жері туралы әзілмен айтқан.
— Іші жақсы қапталады деп үміттенемін. Жайлы болғаны жөн. Өйткені онда біраз уақыт жатуға тура келеді ғой, — деген король былтырғы ресми кешкі ас кезінде патшайымға қарап.
Монарх қайтыс болған күні Акерсхус қамалында аза тұту салюті атылды. 30 секунд аралықпен 21 рет зеңбірек атылған. Норвегияда мұндай рәсім кейінгі рет 1991 жылы өткізілген.
Салют кезінде 1905 жылы швед-норвег одағы тарар алдында Швециядан сатып алынған зеңбіректер пайдаланылды. Сол кезде Норвегия Швеция үкіметінен өз дәуірі үшін заманауи саналған 146 зеңбірек сатып алған.
Айта кетейік, Харальд V қайтыс болғаннан кейін король тағына оның 53 жастағы ұлы, тақ мұрагері Хокон отырды. Ол Хокон VIII деген атпен Норвегия королі атанды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Норвегия королі Хокон VIII-ге әкесі, король Харальд V-нің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.