ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Норвегия құрамасы медальдар саны бойынша жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Олар бүгін медальдар санын 38-ге жеткізді. Бұл қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы жаңа рекорд. Осыған дейін АҚШ құрамасы 2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарында жалпы 37 медаль жеңіп алған болатын. Оның 9-ы алтын, 15-і күміс, 13-і қола медаль.
Алайда, алтын медальдар саны жағынан жалпы есепте Канада, Германиядан кейінгі үшінші орынға ие болған еді. Міне, араға 8 жыл салып, Норвегия бұл рекордты бұзды. Олар қазір Пхенчхан Олимпиадасында 13 алтын, 14 күміс және 11 қола (38) медальмен көш бастап келеді.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.