Норвегияда 800 жылдық алтын сақина табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Норвегияның Тёнсберг қаласында археологтер шамамен 800 жыл бұрын жасалған бірегей алтын сақинаны анықтады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Артефактты археолог Линда Осхейм жердің шамамен 7 сантиметр тереңдігінен тапқан. Норвегияның мәдени мұраларды зерттеу институтында (NIKU) бұл олжа «адам арманындағы табыс» деп аталып отыр.
Сақина табылған топырақ қабаты нақты мерзімделмеген. Алайда археологтер сақинаның дәл үстінен шырша бұтағын тапқан. Ол радиокөміртекті талдау әдісімен зерттеліп, 1167–1269 жылдар аралығына жататыны анықталған. Осыған байланысты сақинаның жасы одан да көне болуы мүмкін, себебі ол бұтақтан төмен қабатта жатқан.
Сақина алтыннан жасалған, ортасына көк түсті сопақ тас орнатылған. Мамандардың болжамынша, бұл тас сапфирге ұқсатып жасалған шыны болуы мүмкін. Әшекей филигрань және грануляция әдістерімен бай безендірілген.
Мамандардың пікірінше, сақина жоғары әлеуметтік топқа жататын әйелге тиесілі болған. Мұндай олжалар өте сирек кездеседі. Норвегияның ұлттық деректер базасында орта ғасырларға жататын бар болғаны 63 алтын сақина тіркелген. Ал Тёнсберг қаласында мұндай әшекей соңғы 15 жылда алғаш рет табылып отыр.
Осыдан бұрын Норвегияда 15 қазақстандық жауынгердің бейіті табылғанын жазған едік.