Хенрик Рефснес Мёртведт Ослодан солтүстікке қарай 80 шақырым жердегі Браннбу қаласындағы Fredheim мектебінің бірінші сыныбында оқиды.
Мектеп оқушылары экскурсия кезінде егіс алқабын аралап жүрген. Сол сәтте Хенрик жерден шығып тұрған семсердің сабына ұқсас затты байқап қалған.
Бала оны тартып көргенде, ұзындығы шамамен 1,3 метр болатын бір жүзді көне семсер шыққан.
Археологтардың айтуынша, қару ерте викингтер дәуіріне жатады.
Хенрик жергілікті Hadeland газетіне берген сұхбатында семсердің сыртқа шығып тұрғанын айтқан.
— Ол түгелдей тот басып, топыраққа көмілген. Сондықтан көтеріп көргім келді, — дейді оқушы.
Оқиғадан кейін мұғалімдер мен балалар табылған зат туралы аудан әкімшілігіне хабар берген.
Мамандар семсерге шамамен 1300 жыл болғанын мәлімдеді.
Олардың болжамынша, бұл жәдігер Меровингтер кезеңіне немесе викингтер дәуірінің басына тиесілі болуы мүмкін.
Сарапшылар бұл өңірді археологиялық тұрғыда маңызды аймақ деп отыр.
Жуырда ғана әуесқой із кесушілер Норвегиядан викингтер заманындағы ең ірі күміс теңге көмбелерінің бірін тапқан болатын.
Шамамен біздің заманымыздың 1000 жылына тиесілі үш мың күміс тиын Хенрик тапқан жерден 170 шақырым қашықтағы алқаптан шыққан.
Қазір көне семсер Ослодағы музейге тапсырылған. Мамандар оны толық зерттеп, кейін көрмеге қояды.