Германияның Isar Aerospace компаниясы шығарған Spectrum зымыраны жергілікті уақыт бойынша сағат 12:30–да ұшты, бірақ көтерілгеннен кейін шамамен 20 секундтан соң траекториясынан ауытқи бастап, жерге құлап, жарылды.
Тікелей көрсетілім кезінде қатты жарылыс естілді, ал бейнежазбадан ұзындығы 30 метрге жуық, салмағы 50 тонналық зымыранның Аннейа аралындағы Нордмельдегі ұшыру алаңының жанында құлағанын көруге болады.
Зардап шеккендер туралы мәлімет келіп түскен жоқ. Ғарыш айлағының операторы Andoya Space компаниясының хабарлауынша, дағдарысқа қарсы әрекет ету тобы жұмылдырылған және ол жағдайды бағалау үшін төтенше жағдайлар қызметі және Isar Aerospace компаниясымен тығыз жұмыс істеп жатыр.
— Операциялық қызмет кезіндегі қауіпсіздік — Аннейя ғарыш айлағы үшін ең жоғары басымдық, — делінген Andoya Space баспасөз хабарламасында.
Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Andoya Space және Isar Aerospace жаңартылған ақпарат қолжетімді болған кезде оны беруге уәде берді.
Бұған дейін Норвегияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі алып бомба табылғанын жазған едік.