Норвегиялық бизнес Қазақстанмен ұзақмерзімді серіктестікті нығайтқысы келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Норвегия Қазақстанмен ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысында Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, соңы жылдары норвегиялық бизнестің Қазақстанға қызығушылығы артып келеді, ал тараптар арасындағы ынтымақтастық біртіндеп практикалық деңгейге көшуде.

— Біз Қазақстанға көп жылдан бері қызығушылық танытып келеміз. Елдің бизнес секторына да бұрыннан назар аудара бастадық. 2024 жылы Ослода өткен бизнес-кеңесте өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, ал 2025 жылы жаңа кездесулер мен делегация сапарлары ұйымдастырылды. Біздің палатаның ынтымақтастыққа қатысты ұзақмерзімді жоспарлары бар және бұл — Норвегия мен Қазақстан арасындағы іскерлік қатынастардың дамуының бастамасы ғана, — деді Р. Солберг елордада өткен Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысында.

Сонымен бірге, спикер норвегиялық делегацияның Алматы мен Астана қалаларына барып, қазақстандық бизнес өкілдерімен және мемлекеттік құрылымдармен бірқатар кездесулер өткізгенін айтты.

— Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым және еліңізге қатты тәнті болдым. Шын мәнінде, бәрі мен күткеннен де жақсы болып шықты. Мен Шығыс Еуропаның көптеген елдерінде болдым, бірақ Қазақстан өте таза, ұқыпты әрі аса қонақжай мемлекет екенін айта аламын. Алматыда да, Астанада да өткен барлық кездесулер өте жылы әрі нәтижелі өтті. Біз осы оң ынтымақтастықты жалғастырып, мұндай сапарларды жақсы дәстүрге айналдырғымыз келеді. Бұл елдеріміздің бизнесі арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы.

Норвегиялық палата өкілі іскерлік қарым-қатынастың екі бағытта да тұрақты дамуы қажеттігін баса айтты.

— Біз мұнда норвегиялық бизнесті дамыту үшін ғана келген жоқпыз. Сіздердің еліңізден, бизнестеріңізден жаңа нәрсе үйренгіміз келеді. Қазақстандық бизнестің Норвегияда, ал норвегиялық бизнестің сіздердің елдеріңізде өркендегенін көргіміз келеді. Біз оң ынтымақтастығымыздың жалғасатынына сенеміз, — деді Ронни Солберг.

Кездесуде аквашаруашылық және балық өнімдерін өңдеу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған «Organic Fish» ЖШС мен норвегиялық «Optimar» компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан мен Норвегия арасындағы өзара сауда көлемі 169,2 миллион долларға жеткен. Оның ішінде экспорт — 7,8 миллион доллар, импорт — 161,3 миллион доллар. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,5%-ға жоғары.

Аталған кезеңде Қазақстаннан Норвегияға экспортталған негізгі тауарлар қатарында бидай, бұрғылау немесе қазу машиналарының бөлшектері, электр тізбектеріне арналған алдын ала құрастырылған элементтер және басқа да өнімдер болды.

Ал Норвегиядан Қазақстанға импортталған негізгі тауарлар — балық және балық өнімдері, титан кендері мен концентраттары, кальций нитраты мен аммоний нитратының қос тұздары мен қоспалары және өзге де өнімдер.

Айта кетейік, Астанада Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті. Кезедсуді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған.