Норвегиялық биатлоншы Бьорндален олимпиадалық винтовкасынан айырылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиадасында 2 рет алтыннан алқа таққан норвегиялық биатлоншы Уле-Айнар Бьорндален Цюрихке ұшқан кезде өз мылтығын жоғалтып алды.

Бұл туралы норвегиялық БАҚ хабарлады. Бьорндаленнің мылтығы Цюрих әуежайына жеткізілмепті. "Винтовканы стадионда тіркеген едім. Кейін маған оның әуежайға жеткізілгенін мәлім етті, - делінген спортшының хабарламасында. - Алайда Цюрих әуежайында өзге жеке заттарымның арасынан мылтықты таба алмадым. Іздеуге өтініш жазуға мәжбүр болдым. Бұл жағдай мені алаңдатты. Мылтық табылмаса, мен үшін үлкен проблема туындайын деп тұр ".

19 ақпандағы аралас эстафетадағы Норвегия құрамасының жеңісінен кейін Бьорндален қысқы ойындар тарихындағы атақты тұлғаға айналды. Жалпы спортшы 13 олимпиадалық наградаға ие болған. Оның сегіз алтын, төрт күміс және бір қола медалі бар, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.