Естеріңізге сала кетсек, өткен айда Қазақ географиялық қоғамы норвегиялық зерттеуші әрі саяхатшы Уильям Бихолт шаңғымен Балқашты кесіп өтуді шешкенін хабарлаған болатын. Норвегиялық көл бетімен 570 шақырымды экспедиция барысында өзі жалғыз бағындырмақ. Сапар Қазақ географиялық қоғамының демеуімен өткізіліп жатыр.
Бүгін Уильям Бихолттың сапары қалай өтіп жатқаны хабарланды.
«Бұл өте қысқа түн болды. Мен жоспарыма қайта-қайта орала бердім. «Бірдеңені ұмытып кеткен жоқпын ба? Ескермеген не қалды?» деп өз-өзімнен сұрай бердім. Көңілім алай-дүлей болғаннан тек түнгі сағат бірде ғана ұйқыға кеттім. Қазір таңғы сағат төрт болса да, өзімді жақсы сезініп тұрмын. Күнделікті жұмысты атқарып, өзім жалғыз қалғанда ғана демалып, алғашқы түні 8-9 сағат ұйықтап алармын», - делінген жазбада.
Қазақ географиялық қоғамының хабарлауынша, Уильям Бихолт тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет жалғыз өзі Балқашты шаңғымен кесіп өткен адам болмақ. Бұл бағыт көлденең жатқан Балқаштың 570 шақырымнан астам бөлігін қамтиды.
«Жоспарға сай, Уильям ұйқысын қандырып, қазір қар қалың болғандықтан, баяу келе жатыр. Жолда ешбір қиындық жоқ. Ауа-райы да тамаша, жел жылдамдығының екпіні сағатына кейде 30 шақырымға дейін үдесе де, қалыпты деңгейде сағатына 10 шақырымнан бастап 20 шақырымға дейін жетеді. Біз оның жүріп тұруын InReach трэкері арқылы бақылап отырмыз. Уильямнің экспедициясы сәтті аяқталатынына сенеміз!», - делінген хабарламада.
01:31, 04 Наурыз 2019
Норвегиялық саяхатшы Балқашты шаңғымен кесіп өтіп келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Норвегиялық зерттеуші әрі саяхатшы Уильям Бихолт Балқаш көлінің бетімен 570 шақырым жолды шаңғымен бағындырып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.