Норвегиялық тележурналист эфирде 33 сағат бойы ауа райы болжамын жүргізген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Норвегиялық TV2 арнасының жүргізушісі Эли Кари Гьенгедал (Eli Kari Gjengedal) 33 сағат бойы эфирде болып, әлемдік рекордты жаңартты. Осы уақыт бойы ол көрермендерге ауа райы болжамын баяндаған, деп хабарлады The Local басылымы.

Алдыңғы рекорд 24 сағатты құраған.

«Бұл - экрандағы уақыты 2,5 минутпен ғана шектелетін синоптиктің арманы», - деді журналист эфирдің алдында.

Гьенгедал бағдарламаны Ослодағы Домкиркеплассен алаңында шыныдан жасалған шағын студияда жүргізген. Әлемдік рекордты тіркеу талаптарына сәйкес, журналист әр 60 минуттық эфирден кейін 5 минуттық үзіліске шыға алды.

Бағдарламаны жүргізіп болған соң Гьенгедал бұл жетістігін тойлайтынын айтты.