Норвегияның королі ауруханаға түсті

Фото: Report

АСТАНА. KAZINFORM — 89 жастағы Норвегияның королі Харальд V инфекция мен дегидратациядан емделіп жатыр, деп хабарлайды ТАСС.

Тоқсанға таяған норвегиялық монарх Харальд V 24 ақпан күні Испанияның Тенерифе аралында инфекция мен сусыздану салдарынан ауруханаға жатқызылды.

— Мәртебелі Король бүгін кешке Тенерифедегі Universitario Hospiten Sur ауруханасына жеткізілді. Король инфекциядан және сусызданудан емделіп жатыр, оның жағдайы жақсы, — делінген сарай хабарламасында.

Монархтың жеке дәрігері оны емдеу үшін Испания аралына жетті. Король отбасы қысқы демалысты Тенерифе аралында өткізіп жатыр.

Бұған дейін Норвегияда монархиялық билік жүйесі сақталатыны туралы жазған болатынбыз.