Нөсер соңы қарға ұласты: Шымкентте ағаш құлап, оқушы қаза тапты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте толассыз жауын-шашыннан кейін көшелерді қар мен су басты. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшірілді. Алайда қайғылы жағдай тіркелді, ағаш құлап, салдарынан бір оқушы көз жұмды.
Шымкентте нөсер жауынның соңы қарға ұласып, тұрғындарды әбігерге салды. Қалың әрі жабысқақ қардың салмағынан ағаш бұтақтары сынып, кей аудандар уақытша жарықсыз қалды.
Сондай-ақ арықтар бітеліп, бірқатар жолда су жиналып, «көлге» айналды. Соның салдарынан әлеуметтік желілерде және iKomek 109 желісіне тұрғындардан түскен өтініштер де жиілеген.
Өкініштісі сол, Еңбекші ауданында қайғылы жағдай тіркелді. Елшібек батыр көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласында ағаштың бір бөлігі құлап кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, сынған ағаштың астында 4-сынып оқушысы қалған. Бала оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын полиция департаментінің қызметкерлері анықтап жатыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Таңертеңнен бастап магистральды көшелер, аулаішілік жолдар, тротуарлар, аялдамалар мен әлеуметтік нысандар тәулік бойы тазартылып жатыр. Ең алдымен негізгі көлік жолдары, қоғамдық көлік бағыттары, ауруханаларға, мектептер мен балабақшаларға кіреберіс аумақтарды ретке келтіру қолға алынған.
– Жүргізушілерден жылдамдық режимін және арақашықтықты сақтауды, мүмкіндігінше алыс сапарларға шықпауды сұраймыз. Арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеу үшін көліктерді жол жиегіне қалдырмаңыздар, – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Мамандар ауа райының қолайсыздығына байланысты ықтимал қауіптер жөнінде ескерту жасады. Қалың қардың салдарынан ағаштардың қайта құлауы немесе түрлі нысандардың зақымдануы мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға көліктерді ағаштар мен электр желілерінің астына қоймау, серуендеу кезінде сақ болу ескертілді.
Биыл қысқы маусымда жұмылдырылған ресурстар көлемі артқан. Өткен жылы 183 техника жұмыс істесе, қазір мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 243 техника тартылған. Күн сайын көшелерді тазалауға екі мыңға жуық жұмысшы шығады. Су басу қаупі бар учаскелер бақылауға алынып, инертті материалдар мен су сору техникасы дайындалған.
Бұдан бұрын хабарлағандай, алдағы күндері кей өңірде 33 градус аяз болады.