Нөсер жаңбырдан кейін Алматы көшелерін тағы су басты

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының кейбір жерасты өткелдері мен көшелерін нөсер жаңбырдан кейін су басты, коммуналдық қызметтер салдарын жоюға кірісіп кетті.

Фото: Видеодан алынған кадр

Алматылықтар әлеуметтік желіде әл-Фараби даңғылының жоғары жағында бұршақ жауғанын және жерасты өткелдері жаңбыр суына толып кеткені туралы жарыса жазып жатыр. 

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, 10 шілдеде жауын-шашынның мол түсуіне байланысты әл-Фараби даңғылындағы «Есентай-Молл» СОО маңында жаңбыр суы жиналып қалды. 

Бұл жерге Бостандық ауданы әкімдігінің мердігер ұйымы және «Алматы су» коммуналдық қызметінің техникасы, Алматы ТЖД сорғы станциясы жіберілді. 

Сағат 21:30-дағы жағдай бойынша суды сору аяқталды.

«Сонымен қатар, Жәңгір хан көшесі бойындағы Ерменсай шағын ауданында Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің арнайы техникасы алдын ала жіберіліп, стационарлық сорғылар дайындыққа келтірілді. Жауын-шашын салдарынан судың локальді жиналуы орын алды. Бұл жерде Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің, Бостандық ауданының мердігер ұйымы «Стам Сервис» ЖШС күштері жұмыс істейді, олар «Илосос» арнайы техникасының, сондай-ақ екі стационарлық сорғының көмегімен су соруды жүргізеді», - деп атап өтті әкімдіктен.

Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

«Қазгидромет» РМК болжамынша, түнде ауа температурасы 18... 20°C, ертең түстен кейін 29... 31 және күндіз өткінші жаңбыр жауады деп күтілуде.