Нөсер жауын: Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген режимге көшті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының коммуналдық қызметі нөсер жаңбырға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Алматыда 20 маусым күні сағат 15:00-ден бастап 21 маусым сағат 02:00-ге дейін жаңбыр жауады, кей жерлерде оның мөлшері 20 мм-ге дейін жетеді. Найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін.
Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы 3-8 м/с, екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +28…+30 °С болады.
20-нан 21 маусымға қараған түні өткінші жаңбыр жауады. Күндіз жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы түнде +17…+19 °С, күндіз +31…+33 °С.
22 маусым күні – көшпелі бұлт шығады, күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Түнде ауа температурасы +20…+22 °С, күндіз +28…+30 °С.
– Су басу қаупінің алдын алу мақсатында 52 мобильді жедел бригада кезекшілікке қойылды. Олар мотопомпа және құрал-жабдықпен жабдықталған. Аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Күндізгі уақытта 426 арнайы техника, 26 мотопомпа және 895 жұмысшы жұмылдырылды. Құтқару қызметі тарапынан 12 техника және 55 қызметкер, ТЖД-нің 58 техникасы мен 245 маманы тартылады, - деп хабарлады әкімдіктен.
Осыған дейін Алматыда қатты желден университет ғимаратының шатыры құлаған болатын.