Нөсер жауын Тбилиси көшелері мен жолдарындағы көлік қозғалысын қиындатты

АСТАНА.KAZINFORM - Тбилисиде түнде жауған нөсер жауын Грузия астанасының кейбір аудандарында су тасқынына ұласып, инфрақұрылым мен жол жамылғыларына айтарлықтай зақым келтірді. Елде көлік қозғалысы қиындады.

Фото: Ambebi.GE

Тбилиси мэрі Каха Каладзе нөсер жауын қаланың кейбір көшелері мен даңғылдарында қиындық тудырғанын хабарлады.

-Қысқа мерзім ішінде өте көп мөлшерде жауын жауды. Кейбір аудандар мен көшелерде қиындықтар туындады. Көшелерді құрылыс қоқыстары мен тастар басып қалғандықтан, жаппай көше тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірқатар инфрақұрылым зақымдалды, жолдардың кейбір бөліктері опырылды, - деді қала мэрі.

Тбилисидің әртүрлі аудандарында, соның ішінде жағалауларда, Университет және Тамаришвили көшелерінің айналасында, қаланың кейбір бөліктерінде сел жүріп өтті.

Тазалау жұмыстарына Ішкі істер министрлігінің тиісті қызметтері мен патрульдік полиция да қатысты.

Алдағы күндері Грузияда тағы да жауын-шашын болуы мүмкін.

Бұған дейін Ауғанстандағы су тасқыны салдарынан 100-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткені хабарланған болатын.