Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, құжатты нотариат туралы заңнаманы жетілдіру және нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаты әзірледі. Заң нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге және нотариаттық көрсетілетін қызметтердің ұсынылу сапасын арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
Заңда жобасында, атап айтқанда, мынадай нормалар көзделген:
- «Нотариат туралы» Заңның шеңберінде нотариаттық қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;
- нотариус «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңды бұзған жағдайда нотариус лицензиясының қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру үшін қосымша негіздерді енгізу, сондай-ақ нотариус мемлекеттік қызмет өткерген немесе ҚР Парламентінің депутаты немесе мәслихат депутаты етіп сайланған кезеңде оның лицензиясының қолданысын тоқтата тұру;
- нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде нотариат туралы заңнаманы және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңды бірнеше рет (екі және одан да көп рет) бұзған жағдайларда нотариусты лицензиядан айыру;
- нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқа адамдарға заңсыз беру фактісі анықталған жағдайда, нотариусты лицензиядан айыру;
- нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасағаны туралы мәліметтерді бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге енгізу мерзімдерін бірнеше рет (он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзған жағдайда нотариус лицензиясының қолданысын тоқтата тұру;
- республикалық және аумақтық нотариаттық палаталар төрағаларының, сондай-ақ тәртіптік комиссиялардың төрағалары мен мүшелерінің өкілеттік мерзіміне қосымша талаптар мен шектеулер енгізу;
- азаматтардың конституциялық іс жүргізу шеңберінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу тәртібін жетілдіру.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов нотариустарда дербес деректерді қорғау тетіктеріне қатысты түсінік берді.