Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.
«Айталық, республиканың жекеменшік нотариустары Қазақстаннан тыс жерге кеткенде, көмекшілерін немесе туыстарын нотариаттық қызметті үздіксіз жүзеге асыру үшін орнына қалдырып кетеді. Бұл ретте қандай да бір нотариаттық іс-әрекетті жасауға өтініш білдірген азаматтар бұл қызметті уәкілеттігі жоқ адамның жасап отырғанына тіпті де күмән келтірмейді. Заң жүзінде нотариустардың көмекшілері және туыстарының нотариустар атынан нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқы жоқ», деді Е. Ерімбет.
Оның айтуынша, 2010 жылғы 5 ай ішінде уәкілеттігі жоқ адамдардың нотариаттық іс-әрекет жасауының 17 фактісі анықталған. Бұндай заң бұзу жолымен жасалған нотариаттық әрекеттердің жалпы саны 6 мың 472-ні құрайды. Жалпы бүгінгі күнге дейін Әділет министрлігі нотариаттық қызметті жүзеге асыру құқығына 4 мың 454 мемлекеттік лицензия берсе, іс жүзінде олардың 1 мың 858-і жеке нотариустық қызметті жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда жоғарыда аталған жағдайларға сәйкес, 14 нотариустың лицензиясының қолданысы 6 ай мерзімге тоқтатылған.