Нотариустар санына шектеуді алып тастау нотариалды қызметтің криминалдануын жеделдетеді - Ә.Жанәбілова

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Нотариустар санына шектеуді алып тастау нотариалды қызметтің криминалдануын жеделдетеді. Бұл пікірді бүгін елордада Республикалық нотариалды палатаның төрайымы Әсел Жанәбілова білдірді.

Оның пайымынша, Парламент қарауында жатқан «ҚР Нотариат туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бірқатар кемшіліктері бар. Атап айтқанда, 2003 жылдан бастап қолданыста келе жатқан нотариустардың санын шектеу жүйесін жою ауылдық жердегі нотариустардың ірі қалаларға ағылуына жол ашады. Бұл өз кезегінде нотариустар арасында бәсекенің күшеюіне әкеледі. Соның салдарынан «корпоративті нотариустар» және «біркүндік нотариустар» пайда болады. Ал олар үшін азаматтық-құқықтық мәмлілерді рәсімдеу барысында заңдылықты сақтау маңызды емес. Тек экономикалық тұрғыдан өзін өзі қамтамасыз етсе болғаны.

Осыған орай Қазақстанның нотариалды қоғамдастығының өкілдері Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасы нотариат институты дамуының қазіргі заманғы кезеңіне сәйкес келмейді деп санайды.