АСТАНА. ҚазАқпарат – «Үлкен дулыға» турнирінің 22 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович теннис тарихында рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сhampionat.com сайты мәлім еткеніндей, Н.Джокович әлемнің бірінші ракеткасы ретінде 378-інші аптасын өткізуде.
Сербиялық спортшы бұл жөнінен германиялық, 377 апта бойы рейтингіде көш бастаған Штеффи Графтың көрсеткішінен асып түсті. Бұл рекорд 1997 жылдан бері жаңартылмаған еді.
Новак Джокович өзінің соңғы жарысы – Аустралия ашық чемпионатында финалда әлемнің 4-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасты 6:3, 7:6 (7:4), 7:6 (7:5) есебімен ұтқан еді.
Н.Джокович 28 ақпан күні Дубайдағы додада алғашқы айналымда чехиялық Томаш Махачпен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Түркиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ елордадағы халықаралық турнирдің іріктеу сайысында 5 қазақстандық теннисші ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).