Новороссийск портындағы оқиға қазақстандық мұнай экспортына әсер еткен жоқ - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Новороссийск портындағы «Шесхарис» мұнай құю терминалында болған оқыс оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Министрлік мәліметінше, қолда бар ақпаратқа сәйкес, аталған терминалдағы жағдай қазақстандық мұнай өндіруші кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштеріне кері әсерін тигізбеген.
- Отандық мұнай өндіру және оны экспорттау қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан мұнайын жеткізуге пайдаланылатын экспорттық инфрақұрылым жұмысында іркілістер мен бұзушылықтар тіркелмеген, - делінген ақпаратта.
Энергетика министрлігі жағдайды бейінді ұйымдармен және инфрақұрылым операторларымен өзара іс-қимыл шеңберінде тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Сауд Арабиясындағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты.