Новосібір опера және балет театры «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана Опера» сахнасында Новосібірлік опера және балет театрының труппасы алғаш рет өнер көрсетеді.

Тек бір күн, 28 қазанда елорда тұрғындары Р. Петидің «Кармен» және Э. Льянгтің «Түн ішіндегі сыбыр» балеттерін тамашалай алады, сондай-ақ гастрольмен келгендер Новосібір операсының жұлдыздары қатысатын мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынады.

«Достығымыз жарасқан мемлекеттің астанасына соңғы он жылдан бері алғашқы рет барғалы отырмыз. Біз бір-бірімізге айтарлықтай жақын орналасқанбыз, дегенмен екі ірі театр ұжымы - «Астана Опера» мен Новосібірлік опера және балет театрының кездеспегені олқылық болды және біз мұның орнын толтырамыз, әрине. Менің ойымша, біздің бір-бірімізге деген қызығушылығымыз ұзағынан болады», - дейді НМАОБТ директоры Б.М. Мездрич.

Бір актіден тұратын «Түн ішіндегі сыбыр» балетінде билейтіндер: Анна Одинцова, Вера Сабанцева, Светлана Свинко, Илья Головченко, Иван Оскорбин және Роман Полковников. Новосібірлік опера және балет театрының директоры алғашқы сапарларында Астанамен танысып қайтатындарын айтады. «Біз көрерменмен, Астана қаласының теарт сүйер қауымымен таныссақ деп едік, театрды да көріп, оның техникалық, кәсіптік тұрғыдан мүмкіндіктерімен, өзіміз қандай жағдайда жұмыс жасайтынымызбен танысып қайтсақ деген ойымыз бар. Біз театр басшылығымен екі жақты қызықтыратын сұрақтарды талқыласақ, болашақта жүзеге асатын түрлі бағыттағы екі жақты алыс-беріс жайлы келіссек деп едік. Сол себепті біз балет ұжымын да, опера солисттерін де ала келдік. Өкінішке орай бұл жолы оркестр мен хорымызды әкеле алмаймыз, дегенмен келіссөз барысында гастрольге толыққанды спектакльдер әкелу жайын қозғамақшымыз», - дейді Борис Мездрич.

Ресейлік труппа тек Новосібірлік опера және балет театрының сахнасында ғана тамашалауға болатын сүзгіден өткен репертуарының «хиттарын» - Р. Петидің «Кармен» балеті, Ж. Бизенің музыкасын паш етеді. Хозенің ролінде ойнайтын Игорь Зеленский - балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі, Карменнің ролінде - Ресейдің Халық әртісі, «Алтын Маска» Ұлттық театрлық сыйлығының иегері, Халықаралық конкурстардың лауреаты және дипломанты Анна Жарова.

Новосібірлік опера солисттері сан алуан ариялар мен дуэттерден, әйгілі романстар мен әндерден тұратын концерттік бағдарлама әзірлеген. Кеште ұсынылатын Сібірдің ең жақсы дауыс иелері - Бурятияның Халық әртісі Шагдар Зондуев, Валерий Гордеев, Владимир Кучин, Сергей Кузьмин, Ирина Новикова, Надежда Нестерова, Андрей Триллер және Дарья Шувалова, деп хабарлады «Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен.