Новруз Мәммедов: Әзербайжан мен Қазақстан транзиттік жолдың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға мүдделі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әзербайжан мен Қазақстан транзиттік жолдың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға мүдделі. Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Новруз Мәммедов «Egemen Qazaqstan» республикалық газетіне берген сұхбатында осылай мәлімт етті.

Айта кетейік, 2 қараша күні Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Осыған байланысты сұхбат барысында пікір білдірген Әзербайжан Үкіметінің басшысы өз елінің аталған ұйым шеңберінде түрлі бағыттарда, әсіресе гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықтың дамуына көп мән беретінін атап өтеді.

«Мәдениет, ғылым, спорт және басқа салалар бойынша орнаған көпжақты ынтымақтастықтың еліміз үшін маңызы зор. ТМД өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылау үшін қолайлы ынтымақтастық платформасы болумен қатар, түрлі қылмыс пен қазіргі қауіпқатерге қарсы шараларды жүзеге асыруда да өзіндік үлес қосуда. ТМД Үкімет басшылары кеңесінің Қазақстанда өтеді деп жоспарланған кезекті отырысы мүше-елдер арасындағы бірқатар мәселелерді, әсіресе экономикалық, қаржы және гуманитарлық мәселелерді талқылау тұрғысынан Әзербайжан үшін үлкен маңызға ие», - деді ол.

Сонымен қатар, Новруз Мәммедов Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыстарға тоқтала келе,  екі ел үшін ортақ тамырдың, ортақ мәдени және рухани факторлардың маңызы зор екенін атап өтеді.  Сондай-ақ, қарым-қатынастар қарқынын жоғары бағалаған Премьер-министр алдағы уақытта да бауырлас халықтың мүддесі үшін күш салатынын жеткізген.

«Әзербайжан мен Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейін созылып жатқан халықаралық тасымалдау дәлізінде орналасқан. Екі ел де осы транзиттік жолдың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға мүдделі. 2017 жылдың 30 қазанында қолданысқа енген Баку - Тбилиси - Карс темір жол желісі, Жаңа Баку халықаралық теңіз порты, Қазақстанның батысы мен шығысын байланыстыратын темір жол желілері мен Құрық теңіз порты елдеріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға қызмет етеді. Қазіргі таңда өңірде Қытай - Еуропа бағытында жүк тасымалының артқанын көріп отырмыз. Елдеріміз арасында қалыптасқан өңірлік ынтымақтастықтың аясы алдағы кезеңде кеңейіп, жаһандық ауқымда өз жемісін береді деп сенемін», - деп атап өтеді сұхбат барысында Премьер-министр Новруз Мәммедов.