Қасиетті Рамазан айында Астанадағы ислам дінін қабылдаған өзге ұлт өкілдеріне «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйытқы болуымен арнайы дастархан жайылып, ауызашар берілді. Әуелгі ауызашар 21 шілде күні болса, араға жеті салып, олардың өзара ынтымағы артсын әрі уағыз-насихат болсын деген ниетпен «Астана» медресесінде және бір ауызашар ұйымдастырылды. Бұл туралы «Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Осы қос ауызашарға «Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы Асхат Салимов қатысып, ислам дінін қабылдаған бауырларға оразаның қадір-қасиеті жайында уағыз-насихат айтып өтті. Олар да мешіт тарапынан өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын жеткізіп, Рамазан айына деген жүрекжарды тілектерін білдірісті.
Айта кетейік, ислам дінін қабылдаған бұлардың баршасы жат ағымдардан ада жандар.
Ауызашар соңында арнайы Құран оқылып, оның сауабы дүниеден өткен күллі әруақтардың рухына бағышталды.