«Нұр Астана» орталық мешіті Рамазан айының әрбір күні 500 кісіге арнап ауызашар дастарқанын жаяды
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан қажы Заңқоев мәлім етті.
«Рамазан айының алғашқы күнінен бастап, соңғы күніне дейін «Нұр Астана» орталық мешітінде 500 кісіге арналып ауызашар дастарқаны жайылады.Мұндай көп кісіге ай бойы Астана қаласында бұрын-соңды ауызашар берілмеген. Ауызашар беруді сауапты деп атауымызға толықтай негіз бар. Өйткені бұл жайында хадисте: «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді», делінген. Сондықтан ауыз аштырудың сауабынан үміт етіліп, осындай игі қадам жасалуда. Жауапты деп отырғанымыз, осы дастарқанға ауыз бекіткен адамдарды жинау мәселесі. Сол себепті ораза ұстаған елорда тұрғындары мен қонақтарын Рамазан айының әр күні «Нұр Астана» орталық мешітінде берілетін мерекелік ауызашар дастарқанына шақырамыз!», - дейді Қ.Заңқоев.
Еске салайық, «Нұр Астана» орталық мешіті 2005 жылы пайдалануға берілді. Мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері - Түркияның «Пасинер» компаниясы. Ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов.
3930 шаршы метр алаңға орналасқан мешітте бір мезгілде 10 мың адам намаз оқи алады. Жоғарғы қабатта әйел кісілерге арналған 2 мың орындық балкон бар.
Мешіт жанында, сондай-ақ оқу базасы толықтай жабдықталған 100 шәкіртке арналған «Астана» медресесі бар. Елордамызда тұңғыш ашылған бұл діни оқу орны бүгінде ресми тіркеліп, өз жұмысын ойдағыдай атқаруда.