Nur.kz порталы заңсыз жолмен 537 млн теңге болатын 542 мақала ұрлады деп айыпталып отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Авторлық құқық қорғау жөніндегі Солтүстік Қазақстан қоғамдастығы «Nur.kz» интернет порталын Қазақстандағы заңнамалық актілерге толық түсініктеме беретін «Defacto.kz» порталынан барлығы 542 мақала ұрлады деп, сотқа берді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Авторлық құқық қорғау жөніндегі Солтүстік Қазақстан қоғамдастығының баспасөз қызметі ресми баспасөз мәтінін жіберіп, хабарлады.

Қоғамдастықтың арызы бойынша, Nur.kz интернет порталы өзінің «zakon.nur.kz» бөлімін құрған кезде осы айдарға салынған ақпараттың бәрін заң саласындағы танымал сайттың бірі - Defacto.kz сайтынан алған.

Айта кетейік, «Defacto.kz» интернет ресурсы 2003 жылы «De Facto» заң фирмасының бастамасымен құрылған сайт. Қазір сайт толықтай заңнама жөніндегі энциклопедияға айналған. Міне, бұл сайт 2015 жылдың қыркүйегінде «Nur.kz» порталы материалдарын заңсыз көшіріп басқанын анықтаған.

«Internet Portal Nur» ЖШС-на қарайтын Nur. порталы өзінің сайтынан «Заңнамалық энциклопедия» (https://zakon.nur.kz/yuridicheskaya-entsiklopediya) бөлімін ашқан.

Бұл бөлімде барлығы 542 мақала заңсыз жарияланғаны анықталып отыр, себебі, 542 мақаланың барлығын Defacto.kz сайтының авторлары жазып шыққан.

Мақаланы жариялаған Nur.kz авторлардың келісімін алған емес, деп хабарлады дереккөзі.

«Сондықтан, мақала авторлары «Авторлық құқықты қорғау жөніндегі Солтүстік Қазақстан қоғамдастығы» атты қоғамдық бірлестік құрып, азаматтық сот өндірісі негізінде авторлық құқықтарын қорғау үшін «Internet Portal Nur» ЖШС мен «Нұрхост» ЖШС-ның үстенін сотқа арыз жазды. Арыз беруші барлығы 572 авторлық меншіктің әрқайсысы үшін өтемақы өндіруді; «Internet Portal Nur» ЖШС-на қарайтын «Nur.kz» интернет ресурсының жұмысын 3 айға тоқтатуды; авторлық құқықтардың көшірмесін жасаған «Internet Portal Nur» ЖШС мен «Нұрхост» ЖШС-ның материалдары мен құрылғыларын тәркілеуді талап етіп отыр»,-делінген қоғамдастықтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Арыз берушінің мәліметіне сүйенсек, олар 2016 жылдың 3 ақпанында сотқа шағым түсірген. Шағымды білген соң, Nur.kz айыптың барлық дәлелін жоюы мүмкін деп қауіптенген арыз беруші алдын алу шараларын жасапты.

«Nur.kz порталы көшірме материалдар туралы барлық дәлелді жоюға тырысуы мүмкін деп қауіптенгендіктен, арыз беруші тарап бүкіл дәлелді нотариус арқылы бекіткен. Нотариус Nur.kz порталында шыққан әрбір көшірме мақаланың сілтемесін растап, скринштотты бейнетаспаға түсірді. Арыз беруші авторлардың күмәні дәл келді. Соттан ескерту қағаз алған соң, Nur.kz порталы заңсыз көшірген материалдарды жоя бастады, яғни, сайтындағы мәтіндерді жойып жіберді. Бірақ, біздің дәлелімізді мына сілтеме https://yadi.sk/d/AQsSHo7YmZmsS бойынша көре аласыздар»,-деп хабарлады дереккөз.

Жалпы, арыз беруші тарап Nur.kz порталынан 537 млн теңге көлемінде өтемақы талап етіп отыр.

БАҚ-тарда бұл мәселе жазыла бастаған соң, Nur.kz порталының бас директоры Қуат Бахридинов өз порталында осы мәселеге қатысты пікірін білдірді.

«Біздің интернет порталға қатысты авторлық құқықты қорғау бойынша арыз түсті. Сот процесі әлі басталған жоқ. Сот процесін күтеміз»,-деген ол.