«Нұр Мүбәрак» университетінің өкілдері Оралда болып, дәріс берді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Жуда Абдулғани Басюни мен осы оқу орнының оқытушысы, доктор Мұхамад Әмин Әли Оралда болып, имамдар мен теологтар алдында дәріс оқыды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, заңдылықты, құқық тәртібін және қылмыспен күрес жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің шешімдерін орындау мақсатында облыс әкімдігінің шақыруымен келген меймандар оқыту семинарын өткізді.

Шара мақсаты - жергілікті имамдар мен ақпараттық-түсіндіру топтары теологтарының біліктілігін көтеру. Алдымен олар Достық үйінде ислам дініндегі некеге, отбасылық қарым-қатынастарға және басқа өзекті мәселелерге қатысты дәрістер оқыды. Содан кейін Орал мешіттерінде жергілікті жамағатпен кездесіп, сауалдарына жауап  беріп, пікір алмасты.

Үш күнге созылған семинар соңында қатысушыларға сертификаттар берілді.