«Нұр мүбарак» университетінің жанынан мықты уағызшылар дайындайтын орталық ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Эксперт» пікірталас клубының кезекті отырысында «Қазақстанның имамдары теріс дінді уағыздаушы шетелдік теологтардың уағыздарына қарсы тұра ала ма?» деген сұрақ туындады. ҚМДБ төрағасының орынбасары, Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз Қазақстанның имамдардың білімі төмен деген пікірмен келіспейтінін айтты.

«Қазіргі кезде біздің жамағатымыздың ішінде күнделікті намаз оқып жүргендердің 30 пайыз шамасы басқа ағымдардың өкілдері. Имамдарға құрметпен қарайды, уағыз тыңдаған кейіп танытып отырады. Бірақ, негізгі идеологиялық күшті, негізгі бағытты интернет арқылы сырттағы шейхтардан, немесе сол теріс ағымдағы теологтардан алады. «Біздің имамдарымыз сол интернеттегі теріс ағымдағы теологтарға қарсы тұраты алатын деңгейде ме?» десек, «әрине, сондай деңгейде» деп жауап беремін. «Біздің имамдарымыздың идеологиясы теріс ағымға шақыратын теологтардың деңгейінен төмен» деген пікірге келіспеймін»,-деді имам.

Ал, Дін істері комитетің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, 2016 жылдың 1-қыркүйегінен бастап «Нұр мүбарак» университетінің жанынан мықты уағызшыларды дайындайтын орталық ашылады.

«Жалпы, имамдарды даярлауға келетін болсақ, менің айтарым, соңғы жылдары имамдардың біліктілігін арттыру бойынша көп жұмыстар атқарылды. Серікбай қажының  сөзіне қосыламын, имамдарды аттестациядан өткізу жүйесі қосылды. Еліміздегі және шетелдегі  ілгерлі оқу орындармен келісісөздер жүргізіп, осындай кадрларды дайындау мәселесі талқыланады. Жоғары оқу орындардың өзі иедологиялық күреске 100 пайыз қарсы тұра алатын мамандар даярлап шыға алмайды. Олар діни амалдарға үйретеді. Сондықтан, біз мемлекеттік органдар имамдарға көмектесуіміз керек. 1 қыркүйектен бастап «Нұр Мүбарак» университетінің жанынан екі орталық құрылады деп үміттеніп отырмыз.  Бірінші орталық - діни экстремизим мен терроризмге қарсы тұратын дін мамандарын даярлайтын орталық. Екіншісі - кәсіби діни уағызшыларды дайындайтын орталық болады», - деп хабарлады Ғ.Шойкин.

Бұл ретте,  Комитет төрағасы «имамдар неге балалар мен жастарға уағыз жүргізбейді?» деген сұраққа жауап бере отырып, «мектептерге барып, уағыз жүргізе алмаймыз. Біз зайырлы мемлекетпіз. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға, зауыттарға да бара алмаймыз», - деді.